Жаңалықтар

Жеке мектеп ашуға талап күшейеді

Жеке мектептер тек қажеттілік бар өңірлерде ашылатын болады / Коллаж: kursiv.media мұрағаты

Енді елдегі жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы Алматы қаласындағы жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, бұдан былай елімізде жеке мектептер нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі.

«Сонымен қатар жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Қазіргі таңда құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі», – делінген хабарламада.

Қазір еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий жариялауды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық барын айтып, аталған мәселені шешуге бір апта уақыт берген еді.

2025 жылы жекеменшік мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінген. Қаржы министрлігі бұл қаражат ең алдымен оқу жылының басында жиналып қалған қарызды толық өтеуге жұмсалғанын хабарлады.