Жаңалықтар

Қытай халқы 2025 жылы 3,4 млн адамға азайды

Фото: ekdme

2025 жылы Қытай халқының саны 3,39 млн адамға қысқарып, 1,40489 млрд адамды құрады. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметіне сүйенген ЭКД порталы хабарлайды.

Былтыр Қытайда 7,92 млн бала дүниеге келіп, 11,31 млн адам көз жұмған. Туудың жалпы коэффициенті 5,63 промилле, ал өлім-жітім деңгейі 8,04 промилле болды.

Жыл ішінде Қытайдағы ерлер саны 0,3 пайызға азайып, 716,85 млн адамға, ал әйелдер саны 0,1 пайызға қысқарып, 688,04 млн адамды құраған.

16-59 жас аралығындағы тұрғындар саны 851,36 млн адамды құрап, көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға төмендеген. Ал 65 жастан асқан азаматтар саны 1,5 пайызға өсіп, 223,65 млн адамға жетті.

Қытай халқы 2022 жылы соңғы 60 жылда алғаш рет азайып, 850 мың адамға кеміген. Ал 2023 және 2024 жылдары халық саны тағы 2,08 млн және 1,39 млн адамға қысқарды.

Бұған дейін Қытай билігі үш жасқа дейінгі әрбір балаға жыл сайын 3600 юань (502 доллар) бөліп отыратынын хабарлаған. Өйткені Бейжің кейінгі жылдары халық саны күрт төмендеп кеткеніне алаңдап отыр.