
Ұлттық экономика министрлігі елдегі азық-түлік бағасының динамикасына мониторинг жүргізді. Жыл басынан бері елде сүт өнімдері мен кейбір көкөністер бағасы төмендеген. Бірақ күнбағыс пен сары май бағасы көтерілген. Бұл жайлы Қызылордада Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, баға төмендеуіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту әсер еткен. Еске салсақ, жаңа тізім осы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Тізімге енген 33 тауар бағасын мемлекет назарда ұстайды және сауда орындары олардың үстіне 15%-дан артық үстемақы қоса алмайды.
Соның нәтижесінде елде қаймақ 0,2 %-ға, сүт 0,3%-ға, ірімшік 0,6 %-ға арзандады. Жеміс-көкөніс тобы бойынша қызанақтың бағасы 1%-ға, қияр 3,7%-ға, алма 1,5%-ға төмендеді. Күріш, ет, шай мен балық бағасы да түскені байқалады.
Бірақ кей тауарлар бағасы өскен. Күнбағыс, сары май мен сүзбе қымбаттаған. Ұлттық экономика министрлігі мұны импорттық өнімдер үлесі мен сыртқы нарықтағы баға ахуалымен түсіндіреді.
Ары қарай баға өсе ме
Күнбағыс майының бағасын ұстап тұру үшін сауда және интеграция министрлігі майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен меморандумға отырмақшы. Сондай-ақ жұмыртқа, тауық еті, тұз және картоп өндірушілерімен де осындай келісімдер жасалмақ.
Көкөніс өнімдері мен алма бағасы әзірге тұрақты. Қаңтар айында картоптың сату бағасы бір килограмына 150–170 теңге аралығында болды. Бірақ картоп пен сәбіз экспортының артуы ішкі нарыққа қысым түсіріп жатыр. Енді өңірлердегі бағаны реттеу үшін тұрақтандыру қорларынан көкөніс өнімдерін сату жұмыстары басталды.
Өткен жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша, елде инфляция 12,3% болды. Сол айда нарықта сиыр мен қой еті, шұжық, алма мен күнбағыс майының бағасы өскен еді.