Жаңалықтар

Қазақстанда кофе неге күрт қымбаттады

Кофе бағасы жылдық есеппен 26,2%-ға қымбаттап кеткен / Фото: shutterstock

Қазақстанда кофе бағасы қымбаттады. Бағаның күрт өсуіне Бразилиядағы құрғақшылық пен Вьетнамдағы аптап ыстық себеп болып отыр. 2025 жылдың желтоқсанында таңғы сусынның бағасы жылдық есеппен 26,2%-ға артты.

Қазақстан үшін кофе толығымен импортталатын өнім. Елге бұл тауар 47 елден жеткізіледі, ал негізгі жеткізуші – Бразилия. Өткен жылдың қаңтар–қазан айларында Бразилияның үлесі Қазақстанға импортталған кофенің жалпы көлемінің шамамен 40%-ын құрады. Осы 10 айда Бразилияның арабика плантацияларынан шамамен 1,5 мың тонна кофе жеткізілген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,5 есе көп.

Қазақстандағы кофе импорты бойынша екінші орында Ресей тұр, 2025 жылғы қаңтар–қазан аралығында шамамен 938 тонна кофе (жылдық өсім +18%) жеткізілген.

Жалпы өткен жылдың қаңтар–қазан айларында елге 3,7 мың тонна кофе импортталған, бұл 2024 жылғы ұқсас кезеңнен 26,9%-ға артық. Бұл соңғы бірнеше жылдағы ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Осылайша импорт көлемі бірден 60,4%-ға өсіп, 36,9 млн долларға жетті.

Қымбатшылықтың себебі

Дүниежүзілік кофе бағасының күрт өсуінің басты себебі – өнім шығарушы елдердегі климаттық өзгерістер. Өткен маусымда арабиканың негізгі жеткізушісі Бразилияда құрғақшылық орын алды. Ал Вьетнамда 2025 жылғы жазда орын алған аптап ыстық робуста дәндерінің өнім көлемін азайтты.

Рейтинг

Numbeo медиапорталының рейтингіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан капучино шынысының бағасы бойынша 103 елдің ішінде 77-орында тұр. Елде бір порцияның бағасы 2,2 АҚШ доллары (шамамен 1,1 мың теңге). Салыстырмалы түрде қарасақ, Данияда – 6,6 доллар (3,3 мың теңге), Швейцарияда – 6,2 доллар (3,2 мың теңге).

ЕАЭО елдері арасында кофе бағасы Ресейде жоғары, бір порция 2,6 доллар (1,3 мың теңге), Беларусьте – 2 доллар (1 мың теңге), Өзбекстанда – 1,9 доллар (970 теңге).