
Елде мектеп оқулықтарын дайындау және сараптамадан өткізу жүйесі түбегейлі жаңартылды. Салаға мемлекеттік аудит жасаған Жоғары аудиторлық палата осындай байламға келді.
Аудиторлар өткен жылдың ақпанында білім беру саласына бөлінген қаражаттың тиімділігін тексеріліп, оқулықтарды дайындау процесінде бірнеше кемшілік анықтаған еді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне нормативтік базаны қайта қарау және процестерді автоматтандыру тапсырылды.
Енді оқулық жазатын авторлық ұжымның құрамында тиісті білімі мен тәжірибесі бар кемінде үш білікті маман (ғалым, әдіскер және педагог) болуы міндетті. Олардың арнайы оқыту курстарынан өткені расталуға тиіс.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту керек. Тақырыптық жоспарды бекіту процесі жеңілдетілді. Енді министрлік жекелеген баспаларға сұрау салмай-ақ, жоспарды бекітіп, оны міндетті түрде ашық жариялайды.
Оқулықтарды сараптамаға қабылдау және тақырыптық жоспар құру www.bmso.kz порталы арқылы электронды түрде жүзеге асады. Бұл «адами факторды» жойып, субъективті шешімдердің алдын алады. Оқулықтарға сараптамалық бағалау жүргізудің нақты критерийлері белгіленді. «Ұнайды/ұнамайды» деген принцип емес, бекітілген қатаң нормалар жұмыс істейді.
Мектеп кітапханаларындағы қорды есепке алу және бақылау процестері де автоматтандырылатын болды. Бұл оқулықтардың жетіспеушілігі немесе ескіруі мәселесін жедел шешуге көмектеседі.
«Қабылданған шаралар оқулықтардағы қателерді азайтуға және олардың 5 жыл сайын уақытылы жаңартылып отыруын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — делінген ресми хабарламада.
Жоғарыда аталған шаралар нәтижесінде оқулықтарды басып шығару ісіндегі жабық келісімдерге жол берілмейді. Барлық процесс ашық болады, ал сапаға авторлық ұжым тікелей жауап береді.
Еске салайық, алдағы 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар былтыр күзде қоғамдық талқыға шығарылған. Педагогтер, ғалымдар мен әдіскерлер 4 және 7-10 сынып оқулықтарын онлайн талқылады.