
Африка кубогының финалында Сенегал құрамасы Марокконы 1:0 есебімен ұтып, құрлықтық турнирдің чемпионы атанды. Рабат қаласында өткен шешуші матч негізгі уақытта голсыз аяқталып, ойын қосымша уақытқа ұласты.
Финал қалай өтті
Марокко шабуылды көбіне Юссеф Эн-Несириге асырған доптар арқылы өрбітсе, Сенегал Садио Маненің жылдам шабуылдары мен қапталдағы қарқынды ауысымдарға сенім артты.
Кездесудің ең шешуші сәті 90-минутта тіркелді. VAR жүйесін қарағаннан кейін төреші Сенегал қақпасына пенальти белгіледі. Браим Диас «Паненка» әдісімен соққы жасағанымен, қақпашы Эдуар Менди допты қайтарды. Осылайша сенегалдықтар ойынды құтқарып қалды.
Қосымша уақытта Марокко стандартты жағдайлар арқылы, әсіресе Ашраф Хакимидің белсенділігімен қысымды күшейтті. Алайда Сенегал қарсы шабуылға сәтті шықты. Ойын ортасындағы қателіктен кейін Идрисса Гуйе допты иеленіп, 20 метр қашықтықтан дәл соққы жасап, қақпаның оң жақ «тоғыздығына» бағыттады. Бұл матчтағы жалғыз әрі жеңіс голына айналды.
Осылайша, Марокко өз жерінде өткен Африка кубогынан айырылып қалды. Ал Сенегал құрамасы қатарынан екінші рет чемпион атанды.
Бұған дейін қос команда жартылай финалда Мысыр мен Нигерия құрамаларын артта қалдырған еді.