Жаңалықтар

Жаркентте кішкентай баласын аяусыз ұрған ана абақтыға түсті (видео)

Жаркент анасынан таяқ жеген балалар
Жетісу облыстық полициясы таратқан видеодан скриншот

Жаркент қаласында өз баласын байлауда ұстап, оны аяусыз ұрған, тепкілеген ана тергеу изоляторына түсті. Ал екі бүлдіршін «Мейірім» қамқорлық орталығына жеткізілді. Бұл туралы Kursiv.Media Жетісу облыстық полициясы таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлады.

Жаркенттегі зорлық-зомбылық оқиғасы туралы видео әлеуметтік желілерде тез тарап, Панфилов аудандық полициясы жедел түрде тексеру жүргізді.

«Тексеру барысында 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп таратты полиция.

Бұған қоса, әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екі баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Бүлдіршіндер барлық мән-жай анықталғанға дейін осында болады.

Сонымен бірге, құзырлы органдарға ата-ана құқығынан айыру мәселесі туралы ұсыныс жолданады.

«Полиция департаменті басшылығы тергеу барысын бақылауда ұстап отыр. Кінәлілер заңнамаға сай жауапқа тартылады», – деп хабарлады құзырлы мекеме.

Естеріңізге сала кетейік, Жаркенттегі жантүршігерлік оқиға туралы видеоны журналист Жанар Нұртазина 18 қаңтарда түстен кейін Instagram әлеуметтік желісіне жариялаған. Kursiv.Media мәселенің мән-жайын анықтау үшін анасынан қатты зардап шеккен баланың әкесіне хабарласқан. Сол кезде ол бүлдіршіндерді алып, полицияға кетіп бара жатқанын айтқан.