Жаңалықтар

Жаркентте баласын аяусыз ұрған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Қылмыстық іс қозғалды/фото: Жетісу облысы полициясы

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Жетісу облысындағы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Айта кетейік, Жаркентте әйел баласын байлап, ұрып-соғып жатқан видео тарады. Тексеру барысында әйел 28 жаста екені, екі баласын аяусыз ұрғаны анықталды.

Содан кейін екі бүлдіршін «Мейірім» қамқорлық орталығына жеткізілді.

Зәкиеваның айтуынша, балалар қазір қауіпсіз жерде. Әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Әйел тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Балалар қауіпсіз жерде. Қорғаншылық және қамқоршылық органы атына ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарау үшін тиісті ұсыныс жолданады», – деп жазды Зәкиева.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.

Бұған дейін Kursiv.Media мәселенің мән-жайын білу үшін балалардың әкесіне хабарласқан. Әңгіме барысында ер адам бүлдіршіндерді алып, полицияға бара жатқанын айтты.