Жаңалықтар

Мерзімді әскери қызметтегілер енді несие ала алмайды

Банктер мен микроқаржы ұйымдары сарбаздарға несие алуға тыйым салады / Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда мерзімді қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер бұдан былай несие ала алмайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың қызметтен босатылуы, банк қарыздары мен микрокредиттерінің бар-жоғы және банк қарызы мен микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы ақпарат алмасу қағидалары туралы» қаулы жобасын әзірледі.

Құжат «Ашық НҚА» сайтында 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Аталған жоба 2026 жылғы 16 қаңтарда Президент қол қойған «Банктер және банк қызметі туралы» заңды іске асыру мақсатында әзірленген.

Құжатта мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілерге қатысты Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасындағы ақпарат алмасу тәртібі белгіленген. Бұл қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріп, сондай-ақ әскери қызметке шақырылуы немесе қызметтен босатылуы туралы мәліметтерді жеке тұлғалардың кредиттік есептерінде көрсетуге жол ашады.

Сонымен қатар жоба банктер мен микроқаржы ұйымдарын несие алуға өтінім беру кезінде шақырылушылардың мәртебесін тексеруге міндеттейді. Егер кредиттік есепте адамның мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны көрсетілсе, оған несие беруден бас тартылады.

2025 жылдың қараша айындағы мәліметке сәйкес, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қаржы ұйымдарына 9 миллиард теңге қарыз. Қазір елдегі сарбаздардың тең жартысына несиесін кейін төлеуге мүмкіндік берілген.