
Әйгілі футболшы Дэвид Бекхэм мен оның жұбайы Викторияның ұлы Бруклин мәлімдеме жасады. Ол инстаграм парақшасында ата-анасымен қалай ренжіскенін, әйелі Никола Пельтцті сыйламайтынын айтып, олармен енді қайта татуласқым келмейді деген.
Жұлдыз жұптың үлкен ұлы парақшасында отбасындағы жағдай туралы көлемді стористер жариялады. Бруклиннің сөзінше, ата-анасы оның Николамен үйленуіне қарсы болған, тойдан кейін де олардың қарым-қатынасын бұзуға тырысқан.
«Ата-анам үйлену тойыма дейін де, одан кейін де менің қарым-қатынасымды құртуға тырысумен келеді. Анам Николаның көйлегін тігуден соңғы сәтте бас тартты, бірақ Никола ол көйлекті киюге қатты қуанып жүрген еді. Соның кесірінен әйелім тез арада басқа көйлек іздеуге мәжбүр болды. Үйлену тойына бірнеше апта қалғанда ата-анам маған қысым көрсетіп, атыма тиесілі құқықтардан бас тартқызу үшін пара бермек болды», – дейді Бруклин.
«Отбасым үшін бренд бәрінен жоғары»
Ал үйлену тойында Виктория бар назарды өзіне алып, ұлы мен келінінің биін де бұзған көрінеді.
«Анам әйеліммен билейтін алғашқы биімізді тартып алды. Біз романтикалық әнге бірнеше апта дайындалған едік. 500 қонақтың алдында Марк Энтони мені сахнаға шақырғанда, онда әйелім емес, анам күтіп тұрды. Ол көпшіліктің алдында менімен өте орынсыз биледі. Өмірімде ондай қатты ыңғайсызданған емеспін», – деп жазады Викторияның үлкен ұлы.
Той алдында ата-анасы Николаны біздің теңіміз емес деген. Ал Дэвидтің мерейтойында ұлына тек өзің келесің деп шарт қойған.
«Менің отбасым үшін жарнама мен жұрт алдында мақтану бәрінен жоғары. «Бекхэм бренді» бірінші орында тұрады. Отбасылық «махаббат» әлеуметтік желіде қаншалықты пост салатыныңа немесе бәрін тастап, отбасылық фотосессия үшін қалай тез жететініңе байланысты бағаланады», – деген Бруклин алдағы уақытта отбасымен татуласқысы келмейтінін жазды.
Ол ата-анасымен бірге бауырларын да әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған.
Бруклин мен Никола 2022 жылдың 9 сәуірінде үйленді. Салтанатты шара Николаның әкесіне тиесілі Флорида штатындағы Палм-Бичте орналасқан зәулім үйдің ауласында өткен. Бұл той шоу-бизнес әлеміндегі ең қымбат әрі шулы оқиғалардың бірі болды.
Николаның әкесі – Нельсон Пельтц, америкалық миллиардер, инвестор және «Trian Fund Management» компаниясының негізін қалаушы. Оның дәулеті миллиардтаған долларды құрайды.
Осыған дейін Дэвид Бекхэмнің рыцарь атағын алғанын жазған едік. Ол – ағылшынның ең атақты футболшысының бірі.