
Алматы қаласының спорт басқармасы мемлекеттік сатып алу порталында Алматы командасын қала атынан республикалық және халықаралық турнирлерге дайындауға 1,3 млрд теңге сомасына лот орналастырды.
Сатып алу шарттарына сәйкес, мердігер хоккеистерді оқыту мен дамытуды, сондай-ақ ерлер, әйелдер және жастар командаларының жыл соңына дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда өнер көрсетуін ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Әкімдік лотты алуға тырысатын компанияларға бірқатар талап қойды. Ол барлық турнирлерге командалардың қатысуын ұйымдастыруға міндетті. Бұл ретте Pro hokei Ligasy және Jastar hokei Ligasy лигаларында кем дегенде плей-офф кезеңіне шығу міндеті қойылды.
2026-2027 маусымының Qyzdar hokei Ligasy чемпионатына қатысу үшін әйелдер командасын құру жеке тармақпен белгіленді.
Балалар мен жасөспірімдер бағытына спорттық міндеттер де қойылды: хоккей академиясының тәрбиеленушілері федерация кубогында жүлделі орындардың бірін иеленуі тиіс.
Бұл ретте жастар командасы кем дегенде 70% Алматы хоккей мектептерінің түлектерінен тұруы тиіс. Бұдан басқа, кем дегенде 30 тәрбиеленушіні қамти отырып, қыздарға арналған спорт секциясының жұмысын қамтамасыз ету қажет. Өтінімдер 29 қаңтарға дейін қабылданады.