Жаңалықтар

«Ер мен әйелдің одағы»: Тоқаев некеге қатысты мемлекеттің ресми ұстанымын атады

Дәстүрлі емес көзқарастағы азаматтар қылмыстық қудалауға ұшырамауы керек/фото: shutterstock

Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде ресми түрде бекіту қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

Президенттің сөзінше, мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға, деструктивті, азғын әрекетті насихаттауға қарсы тұруға міндетті.

«Қоғамда неке институтын ер мен әйелдің ерікті түрде құрылатын, мемлекеттік мекемеде ресми куәландырылатын одағы ретінде заңнамалық тұрғыда нығайту қажет. Алайда мемлекеттің ресми ұстанымына сәйкес келмейтін көзқарасы үшін ешқандай жағдайда қылмыстық қудалауға да, моральдық кемсітушілікке де жол берілмеуге тиіс. Мемлекеттің ұстанымын мынадай формуламен түйіндеуге болады: әр азаматтың таңдау жасауға құқығы бар, бірақ бұл таңдауды ешкімге күшпен таңуға болмайды», – деді Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында.

Айта кетейік, Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр.