
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи елдегі саяси күштердің, соның ішінде оппозицияның парламентке өту мүмкіндігі туралы айтты.
Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында депутатқа «өзге саяси күштердің парламентке өту мүмкіндігі» жайында сұрақ қойылды.
«Неге өтпейді? Елдегі саяси күштер алдымен өздерінің саяси күш екенін дәлелдеуі керек. «Сен саяси күшсің, сен саяси күш емессің» деп билік жасап бермейді. Саяси күш болу үшін қоғамдағы ынталы азаматтар өздері күш біріктіруі қажет», – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың пікірінше, азаматтар саяси партияларға бірігуге тиіс. Президент заңдардың Конституцияға дейін қайта жазылатынын, елдегі саяси өзгерістердің негізгі формуласы мен форматы айқындалатынын айтып жатыр.
«Кімнің мүмкіндігі болса, саяси күш ретінде өзін қоғам алдында дәлелдесе, соның саяси додаға түсуге мүмкіндігі болуы керек. Елдегі азаматтық қоғам, саяси партиялар саяси өзгеріс көшіне еріп, алдағы үлкен науқанға дайындалуы қажет», – деді Ермұрат Бапи.
Мұның алдында Бапи бірпалаталы Парламентке партияда жоқ азаматтардың квотасын енгізуді ұсынды.