Жаңалықтар

«Қазатомөнеркәсіп» акцияларының қымбаттауына не себеп

Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың қаңтар айында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акциялары қаржы нарығында айқын өсім көрсетті. Бұл серпінге, ең алдымен, жасанды интеллект жобаларына байланысты электр энергиясына сұраныстың артуы және уран нарығындағы ұсыныстың шектеулі екені себеп болуы мүмкін.

20 қаңтар күні KASE сауда алаңында «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 37,6 мың теңгеге дейін қымбаттап, бір күнде 4,44% немесе 1,6 мың теңгеге өсті. Осылайша, компания қағаздары жыл басынан бері қатарынан 11-сессия бойы үздіксіз қымбаттап келеді.

«Қазатомөнеркәсіп» тек отандық нарықта ғана емес, халықаралық алаңдарда да жаңа биіктерді бағындырып отыр. Лондон қор биржасындағы ғаламдық депозитарлық қолхаттар (GDR) бір күнде 6,5%-ға қымбаттады. Freedom Broker сарапшыларының бағалауынша, бұл өсім – нарықтағы іргелі факторлардың нәтижесі.

Негізгі триггерлердің бірі – АҚШ-та жасанды интеллектіге бағытталған деректерді өңдеу орталықтарының электр энергиясын тұтынуының күрт артуы. Қазіргі үрдіс сақталса, АҚШ жаңа энергия көздерін, соның ішінде шағын ядролық реакторларды дамытуға белсенді кірісуге мәжбүр болады. Бұл, өз кезегінде, уранға деген сұранысты күшейтеді.

Сонымен қатар уран нарығындағы ұсыныстың шектеулі болуы шикізат бағасының айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін. Америка банкінің болжамына сәйкес, 2026 жылы уран бағасы 50%-ға дейін қымбаттауы ықтимал. Дәл осы факторлар уран секторындағы компаниялардың, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын инвесторлар үшін тартымды етіп отыр.

Сарапшылар қазіргі кезеңде «ралли толқынында қалуды» ұсынып, сонымен қатар 4 сағаттық немесе тәуліктік графиктерде төмендейтін дивергенция белгілерін мұқият бақылауға кеңес береді. Мұндай белгі ықтимал түзетудің басталғанын байқатады.

2025 жылы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының нарықтық құны 45%-дық өсім көрсетіп, 14,5 млрд долларға жеткен.