Жаңалықтар

Ірі су электр станциялары жеке компаниялардың басқаруына берілмек

Тоқаев су нысандарын жаңғыртуды тапсырды / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін ірі су электр станциялары мен су нысандарын басқаруды жаңаша ұйымдастыру қажеттігі туындап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының басшыларына ірі нысандарды жекенің басқаруына беруді тапсырды.

Тоқаевтың айтуынша, бұл маңызды шешімді қабылдау арқылы гидроэнергетика саласында нақты тиімділікке қол жеткізуге болады.

«Су ресурсы – ел энергетикасының сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды резерв. Алайда олардың энергетикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұрынғы совет кезеңінен қалған деректер қазіргі жағдайға сәйкес келмейді», – деді мемлекет басшысы.

Ол нақты гидропотенциалды бағалау мен заманауи карта жасау жұмыстарын жедел бастау қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін президент ірі қалалардағы жылу электр станцияларының құрылысын жеделдетуді тапсырған.