
Жаркент қаласында баласын батареяға байлап қойып ұрған әйел ата-ана құқығынан айрылса, әке екі баласына қайта қосылу үшін шұғыл түрде баспана іздеп жүр: комиссия оған жарты ай уақыт берген. Kursiv.Media осы отбасының қиын жағдайымен танысып, өткір әлеуметтік мәселеге назар аударды.
Мал баққан
30 жастағы Тайыр Құрбанжанов пен 28 жастағы Мария Белекова 2020 жылдан бері бірге тұрады. Олардың екі баласы бар: 5 жастағы Рафаэль мен 2 жастағы Юсуф. Тайыр мен Мария қаладағы интеллектуалдық дамуы кешеуілдеген балалар оқитын мектепте білім алған.
Әлеуметтік желілерге тез тарап, көпшілік сынаған даулы оқиға 17 қаңтарда Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Жаркент қаласында болған. Kursiv.Media тілшісімен сөйлескен Тайыр шағын ғана бір бөлмелі пәтерде үш отбасы тұрғанын айтты.
«Біз мұнда екі-үш ай бұрын уақытша көшіп келдік. Тұратын жеріміз болмағандықтан, бір танысымыздың тар бөлмесін паналауға тура келді», – дейді ол.
Оның алдында отбасы Алматы, Талдықорған және Талғар қалаларында тұрған. Тұрақты жұмыс табылмаған, көбіне мал баққан. Қыс түскенде, Жаркентке оралуға мәжбүр болған олар амалсыз сыныптастарының шағын пәтеріне кірген.
Жанжал болған күн
«Қиналып кеттім. Есімді енді жиып жатырмын…» – дейді Тайыр үш күн бұрынғы оқиғаны еске алып.
Оның айтуынша, Рафаэль мен Юсуфтың денесі көгеріп жүргенін жиі байқап, оның себебін анықтағысы келген. Жазалау әдісін жасыруға тырысқан Мария балалар өздері төбелесіп қалады деп ақталған.
«Ол балаларға бірінші мәрте қол көтерген жоқ. Денелері үнемі көгеріп жүреді. Анасы балалар төбелесіп қала береді деп түсіндірді», – дейді Тайыр.
Өткен сенбіде ол бір сыныптасына балалардың төбелесін видеоға түсіріп алуын өтінген. Желілерде тараған оқиға Тайыр дүкенге шығып кеткен уақытта болған.
«Осындай жағдай болды. Бала бұтына жіберіп қойған ба, анасын боқтаған ба – ол жағы түсініксіз. Батареяға байлап, аяусыз ұрған. Мен олардың денесі неге көгергенін анықтағым келген. Шындық ашылды», – дейді әке.
Бала қатты қорқып қалған
Шындыққа көз жеткізген Құрбанжанов бірден құзырлы мекемелер мен БАҚ-тан көмек сұраған.
«Мен ештеңе істемедім. Видеоны көрген бетте бірден полицияға, сосын журналист Жанарға жолдадым», – дейді Тайыр.
17 қаңтарда Мария Жаркенттегі уақытша тергеу изоляторына түсіп, екі бала бүлдіршіндер тәрбиеленетін орталыққа қабылданды. Жетісу облыстық полициясы кәмелет жасқа толмаған балаға қол көтерген ананың үстінен қылмыстық іс қозғады.
«Бүгін психологпен сөйлескен едік. Кішкентай бала анасынан қатты қорқып қалған. Оны көрген бетте қашады», – дейді Құрбанжанов.
Бес жастағы Рафэль ғана емес, екі жастағы Юсуф те анасынан зәбір көргенін айтып отыр.
«Юсуфті де ұрған. Аяғы, жамбасы көгеріп қалған. Суреттері бар», – деді Тайыр. Ол денесі көтерген бүлдіршіннің суреттерін Kurisv.Media-ға жолдады.

Комиссия шешімі
Құрбанжанов 19 қаңтарда әлеуметтік комиссия балалар тағдырына қатысты шешім қабылдағанын айтты: абақтыда отырған Белекова ата-ана құқығынан айырылды.
Бұған қоса, Тайырдың да екі баласын қайтарып алуы қиын болып тұр.
«Балалар біраз уақыт осында болады. Комиссиямен сөйлестім. Олар маған баспана таппайынша, балаларды алып кете алмайсың деп айтты. Үй табуға 10-15 күн уақыт берді», – дейді қиын жағдайға тап болған Құрбанжанов.
Тайыр қазір жұмыссыз жүр. Оның бір қолы істемейді. Үшінші топтағы мүгедек. Әкімдікте үй кезегінде тұрғанымен, оны күтуге ұзақ уақыт қажет.
«Менің де, қарындасым мен оның екі баласының да тұратын жері жоқ. Әкіммен сөйлестім. Тегін жатақхана да бермеді. Өтінішімді аяқсыз қалдырды», – дейді шарасы таусылған Тайыр.
Оның айтуынша, қазір Жаркент қаласында 250-260 адам үй кезегінде тұр. Үкімет екі балалы, мүмкіндігі шектеуле отбасыға екі бөлмелі пәтер беруі керек.
«Анығын айтқанда: үй таппасаң, баланы да көрмейсің. Сіз маған көмектесе аласыз ба? Әкімшілік бізге тым құраса тегін жатақхана берсе екен», – деп өтінді Құрбанжанов.
Жаркенттегі осы отбасының басына түскен іс Жетісу облысы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы өткір әлеуметтік мәселені аңғартты. Kursiv.Media мақалада көтерілген тақырыпқа қатысты сауалдарды тиісті мекемелер мен басшылыққа жолдайды.