Жаңалықтар

Ақпанда доллар бағамы 500 теңгеден төмендеуі мүмкін – Freedom Broker

Ақпан айында доллар қанша теңге болуы мүмкін / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Freedom Broker сарапшыларының пікірінше, ақпан айында доллар бағамы 500 теңгеден төмен түсуі әбден мүмкін. Бұған себеп – салық кезеңінің басталуы және теңгеге деген ішкі сұраныстың артуы.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда доллар коррекциялық толқынға көшіп отыр. Бұл – желтоқсан айының соңы мен қаңтар басында байқалған өсімге кері бағыттағы қозғалыс. Freedom Broker болжамы бойынша, USD/KZT жұбы қысқа мерзімде 502,6 теңге деңгейіне дейін арзандап, ақпан айының басында 500 теңге межесінен де төмен сырғуы ықтимал.

20 қаңтар күні KASE биржасында доллардың орташа өлшенген бағамы 507,05 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл – нарықта теңгенің біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсететін белгі.

Алайда нарықтағы оптимистік болжамдармен қатар, қоғамда алаңдататын пікірлер де айтылып жүр. Кейбір экономистер алдағы уақытта 1 доллар 1000 теңгеге дейін баруы мүмкін деген уәж білдірген.

Осыған байланысты журналистер вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен Үкіметтің ұстанымын сұрады.

Министр бұл сценарийдің ел экономикасы үшін өте ауыр салдарға әкелетінін ашық айтты.

«Егер экспортты қолдау үшін ұлттық валютаны әдейі әлсіретеміз десек, бұл ең алдымен ішкі нарыққа үлкен соққы болады. Жеке шаруашылықтардың табысы төмендейді, импорттық құрамдас бөлшектер қымбаттайды. Нәтижесінде отандық өнімнің өзіндік құны өсіп, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі керісінше төмендейді», – деді ол.

Серік Жұманғарин 1000 теңгелік доллар туралы айтатындар көбіне қоғам назарын аударғысы келетінін де жасырмады. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда теңгенің нығаюына нақты экономикалық факторлар бар.