Жаңалықтар

Шымкентте көшенің қақ ортасында пышақталған екінші адамның жағдайы ауыр

Фото: shutterstock

Шымкентте көшедедегі төбелесте пышақталған екі адамның бірі №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалған, қазір жан сақтау бөлімінде ем алып жатыр.

«1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Науқаста сол жақ кеуде қуысынан пышақ-кескен жарақат анықталып, шұғыл түрде операциялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр», – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Кеше әлеуметтік желіде Шымкенттегі Рысқұлов көшесі мен Ерімбетов көшесінің қиылысында «жолға таласты» дегендердің жаппай төбелескен видеосы тарап кетті. Видеода төбелескендердің бірі пышақты оңды-солды сілтеп жүргенін байқауға болады. Оқиға кезінде екі адам жарақат алған. Оның бірі 40 жастағы ер адамды жарақаттағандар көлікке салып, алып кеткен. Оның денесі Ордабасы ауданы Темірлан ауылынан табылған.

Желіде марқұмның кім екені туралы ақпарат тарады. Оның әкесі жаттықтырушы екені, өзі бұрын сотты болғаны да айтылады.

Полиция жеңіл көлік жүргізушілері мен жолаушылары арасында келіспеушілік болғанын, оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Әлеуметтік желіде тараған бейресми ақпаратқа қарағанда, күдікті ретінде танылған 5 адамға қатысты іздеу жарияланған. Олардың ұсталғаны, не ұсталмағаны жөнінде әзірге ресми ақпарат жоқ.