
Қазақстанда бірнеше ірі автожол жобасын бірден іске қосу және салу жоспарлануда. Барлық жоба «кілт тапсыру» форматында жүзеге асырылып, қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары қатысады. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Негізгі жобалардың бірі – Қызылорда – Жезқазған автожолы. Қазіргі таңда ұзындығы 208 шақырым болатын қалған бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Барлық бағыт бойынша қозғалысты 2026 жылдың соңына дейін ашу жоспарланған.
Тағы бір ірі жоба – Қызылорда – Ақтөбе бағыты. Биыл төрт жолақты автомагистральдың құрылысы басталады.
Министр сондай-ақ ұзындығы 559 шақырым болатын Бейнеу – Сексеуіл жобасын еске салды. Бұл жоба жүзеге асқаннан кейін, өңірлер арасындағы қашықтық 900 шақырымға қысқарып, жол жүру уақыты үш тәулікке дейін азаяды. Аталған жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Жылдың екінші жартысында билік Қарағанды – Жезқазған автожолының, сондай-ақ Сарыағаш қаласын айналып өтетін жолдың құрылысын бастамақ. Бұл екі бағыт бойынша да ТЭН дайын.
Аталған барлық жобалар автожолдарды халықаралық стандарттарға сай жаңғыртуға арналған үш жылдық жоспарға енгізілген. Сауранбаев оларды іске асыру бойынша жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 2025 жылы елде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып жөнделген. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым. Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар.