
Алматы қаласының Спорт басқармасы «Қайрат» футбол клубына бюджет қаражатының бөлінуіне қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты түсініктеме берді.
Басқарманың хабарлауынша, мемлекеттік сатып алулар порталында әртүрлі жас санатындағы балалар мен жасөспірімдер командаларын ұйымдастыру қызметтеріне ашық конкурс жарияланған. Аталған қызметтер балалар-жасөспірімдер және жастар командаларының Қазақстан чемпионатына қатысуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, спорттық сыныптарда оқу-жаттығу сабақтарын ұйымдастыруды көздейді.
Жоспарланған бюджет қаражаты тек балалар-жасөспірімдер футболын қолдауға, спорттық резервті дамытуға және Алматы қаласының аумағында футболмен шұғылданатын тәрбиеленушілердің оқу-жаттығу үдерісін қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл ретте нақты бір кәсіби футбол клубын немесе оның негізгі командасын тікелей қаржыландыру туралы сөз болып отырған жоқ.
«Қайрат» футбол клубы дамыған балалар-жасөспірімдер инфрақұрылымына, лицензияланған академияға, білікті жаттықтырушылар құрамына және футболмен шұғылданатын балалардың едәуір санына ие болғандықтан, әлеуетті қызмет көрсетушілердің бірі ретінде қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл автоматты түрде қаржыландыру алады дегенді білдірмейді. Түпкілікті шешім конкурс рәсімдерінің қорытындысы бойынша ғана қабылданады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қала бюджетінің қаражаты командалардың халықаралық чемпионаттарға қатысуын қаржыландыруға, кәсіби футболшылардың жалақысын төлеуге немесе клубтардың өзге де коммерциялық қызметіне арналмағаны атап өтілді.
Айта кетейік, осыған дейін «Қайрат» футбол клубы Алматы қаласының бюджетінен қаржы алады деген ақпарат шыққан еді.