
Times Higher Education басылымы 2026 жылға арналған университеттердің пәндік әлемдік рейтингін жариялады. Назарбаев Университеті (NU) бірқатар негізгі академиялық бағыттар бойынша өз позицияларын нығайтты. Бұл туралы университет өкілдері хабарлады.
«Медицина және денсаулық сақтау» бағытында Назарбаев Университеті 301–400 диапазонына (былтыр 401-500 болған) енді, бұл екінші жыл қатарынан тұрақты өсуін көрсетеді. Сол сияқты «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағыты да 301–400 топқа (2025 – 401-500) көтерілді.
«Білім беру (Education Studies)» бағыты NU ішінде ең үздік нәтиже көрсетіп, университеттегі жетекші орнын сақтап, әлемдік рейтингте 176–200 орынға ие болды.
«Инженерия және әлеуметтік ғылымдар» бағдарламалары 401–500, ал «Компьютерлік ғылымдар» бағыты 501–600 диапазонына кірді. «Физикалық ғылымдар», «Бизнес және экономика» бағыттары өз позицияларын 601–800 топта сақтап қалды.

Times Higher Education пәндік рейтингтері әлемнің барлық университеттерін қамтып, оларды 11 пәндік бағыт бойынша кешенді әдістеме арқылы бағалайды.
«Назарбаев Университеті оқыту, зерттеу және инновациялар саласында жоғары стандартқа тұрақты түрде ұмтылады және осы бағыттарды дамытуға инвестиция салады. Біз беделді аккредитацияларды алуға және оқытушыларымыздың Advance HE сияқты маңызды серіктестік аясында біліктілігін арттыруға қолдау көрсете алатынымызға мақтанамыз. Пәндік рейтингтердегі жетістіктеріміз, біздің жан-жақты академиялық шеберлікке деген адалдығымызды көрсетеді», – деді NU Президенті, профессор Вакар Ахмад.
Айта кетейік, Назарбаев Университеті (NU) басшылығы Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебін (SMG) дербес құрылым ретінде жойып, оны Инженерлік факультетпен біріктіруді жоспарлап отыр.