Авто

Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге арналған утильалым күрт өсуі мүмкін

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда кейбір ЕАЭО серіктес елдерінен автокөліктерді әкелу ережелерін түбегейлі қайта қарау жоспарлануда. Өнеркәсіп министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге арналған утилизациялық алым күрт өсуі мүмкін.

Қандай түзетулер енгізіледі

Құжатта Беларусь пен Ресейден Қазақстанға әкелінетін көліктер мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды төлеу кезінде 2 еселік арнайы арттыру коэффициентін қолдану ұсынылады. Ал елімізде құрастырылатын немесе ЕАЭО-ға кірмейтін мемлекеттерден, сондай-ақ Армения мен Қырғызстаннан импортталатын автокөліктер үшін утилизациялық алым мөлшерлемесі бұрынғы деңгейде сақталады.

«Коэффициент 2» деп аталса да, бұл екі есе арттыру емес, кей жағдайларда ондаған есе өсуі мүмкін. Мысалы:

  • Ең танымал «жеңіл автокөліктер» категориясында (1–2 л қозғалтқыш) коэффициент 3,5-тен 136-ға дейін өседі (38,8 есе);
  • 2–3 л қозғалтқышы бар автокөліктерде –  5-тен 164-ке (32,8 есе);
  • 3 л және одан жоғары қозғалтқыштары бар көліктерде –  11,5-тен 246-ға (21,4 есе);
  • Электр көліктерінде (гибридтерді қоспағанда) –  0-ден 60-қа;
  • Кіші қуатты тракторларда (60 а.к.-ке дейін) –  2-ден 250-ге (125 есе).

Сонымен қатар жүк көліктері, тракторлар, комбайндар және әртүрлі қуат пен салмақтағы басқа техникалар үшін де жеке өсу мөлшерлері қарастырылған.

Неліктен арттыру коэффициенті енгізілуде

Жоба авторлары түсіндіргендей, қазіргі кезде Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын автокөліктерге утилизациялық алымды есептеу кезінде осы елдерде үшінші мемлекеттерден әкелінетін машиналарға белгіленген утилизациялық төлем мөлшерлемесіне қоса, Қазақстанда төленген кедендік баж, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен акциздердің арасындағы айырма да қосымша өндіріп алынады. Яғни іс жүзінде бұл автокөліктің дерлік толық құнын қайта төлеумен тең.

«Мысалы, Қазақстаннан Ресейге автокөлік әкелінген кезде үшінші елдерден импортталған көліктердегідей 20 пайыз ҚҚС алынады. Сонымен қатар, Ресейдің утилизациялық алымын есептеу барысында базалық мөлшерлемеге біздің елдер арасындағы ҚҚС ставкаларының айырмасынан туындайтын қосымша 8 пайыз (2026 жылы – 4 пайыз) үстеме қосылады. Алайда ЕАЭО Кеден кодексінің 454 және 456-баптарына сәйкес, шетелдік тауарларды еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімдері аясында пайдаланып, Қазақстанда өндірілген автокөліктер ЕАЭО тауарлары болып танылады. Тиісінше, Беларусь пен Ресейде қазақстандық автоқұрастыру үшін кедендік коэффициенттерді қолдану заңсыз», – делінген мәтінде.

Ресей мен Беларусьтен Қазақстанға әкелінетін автокөліктерге арналған утилизациялық алым мөлшерлемелерін өзгерту елдер арасындағы утилизациялық төлемдер деңгейіндегі теңгерімсіздікті жоюға, сондай-ақ ЕАЭО аясындағы өзара саудада реттеушілік және баға арбитражының алдын алуға бағытталған.

Нәтижесінде екі ел автокөліктері үшін утилизациялық алым Ресей Федерациясының заңнамасында 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап белгіленген төлем мөлшеріне тең болады.

Еске салсақ, 2026 жылы автокөлікті бастапқы тіркеуге дейін төленуі тиіс утилизациялық алым айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты көбейеді. Яғни, утилизациялық алымның базалық мөлшерлемесі (50 АЕК) көтеріліп, 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге дейін өседі.