Жаңалықтар

Қысқы Олимпиадада туды кім алып шығатыны белгілі болды

фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады.

Президенттің айтуынша, Италияда өтетін ХХV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан шамамен 40 спортшы қатысып, 10 спорт түрінен бақ сынайды. Олардың басым бөлігі үшін бұл – әлемдік деңгейдегі басты жарыстардағы алғашқы тәжірибе. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманың іріктеу жолы оңай болмағанын айтып, халықаралық ареналарда 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль иеленгенін атап өтті. Сонымен қатар Паралимпиадаға әзірге 10 лицензия алынғанын, олардың саны артуы мүмкін екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы спорт болжап болмайтын сала екенін айта келе, қатаң іріктеуден өткен спортшылардың жеңіске деген жігері жоғары екенін баса айтты. Ол тәуелсіздік жылдарында Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сынды саңлақтардың есімі ел спорты тарихында мәңгі қалғанын еске салды.

Салтанат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға, сондай-ақ паралимпиадалық құраманың өкілі Ербол Хамитовқа табыстады.