
Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері Ольга Замелацкаяға сот үкімі шықты.
63 жастағы зейнеткер қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу) және 245-бабы 3-бөлігінде (ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Замелацкая 2023 жылдан бастап жалған құжаттарды пайдаланып, қаржылық құқық бұзушылықтар жасаған. Ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, Ольга Замелацкая «Қызыл-Жар» футбол клубы» ЖШС пайдасына 67 225 967 теңге материалдық залал төлейді.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті пайдасына 287 163 354 теңге материалдық залал төлеуге міндетті.
Ал мемлекет кірісіне 10 721 680 теңге мемлекеттік баж өндіріледі.
Айта кетейік, бұған дейін «Қызылжар» футбол клубы футболшыларға екі ай бойы жалақы төлемегені айтылды. Соған байланысты ойыншылар бірнеше күн жаттығудан бас тартқан.