
Қызды еркінен тыс алып қашқан адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бас прокуратура адам алып қашу – ауыр қылмыс екенін тағы да ескертеді.
2025 жылғы 16 қыркүйектен Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы күшіне енеді. Аталған нормаға сәйкес, адамды некеге тұруға немесе бірге тұруға мәжбүрлеу, сондай-ақ осы мақсатта адам ұрлау қылмыс болып саналады.
Ескі заңнамада біреуді ұрлап әкетіп, артынша өз еркімен жібергендер үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмайтын. Былтырдан бастап бұл бап алынып тасталды.
Енді бұл әрекеті үшін кінәлі тұлға 7 жылға дейін, ал ауырлататын жағдай болса, 10 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін.
Заңнамада жәбірленушіні босату – қылмыстық жауаптан босатпайтыны нақты көрсетілген. Қазақстан заңдарына сәйкес, неке тек ерікті келісім негізінде ғана жасалады.
Ресми дерекке сәйкес елде кейінгі үш жылда 215 адам қыз алып қашқан. Алайда 205 адам жазаға тартылмаған. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің сөзінше, тек 10 іс сотқа жеткен.
Шымкентте 11 қаңтар кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті араға екі күн салып ұсталды.
Қыздың туыстарының айтуынша, жігіт 2025 жылдың қазанында Нұрайды алып қашқан. Оған қыз да, отбасы да көнбеген. Содан кейін отбасы полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай кешірім берген. Бірақ кейін қыр соңынан қалмай қойған.