Жаңалықтар

Рудный қаласында 19 жастағы жігітті өлтірді деген күдікпен екі жасөспірім ұсталды

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қостанай облысының Рудный қаласында 19 жасар жігітті өлтірді деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл туралы қала әкімі Виктор Ионенко әлеуметтік желіде жазды.

Әкім Instagram парақшасында Рамазан Үсентаевтың қазасына көңіл айтып, туған-туыстары мен жақындарына сабыр тіледі.

«Рамазан Орынбасарұлы Үсентаевтың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты, туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алда тұтас ғұмыры жатқан, армандары мен мақсаты бар жас азамат өмірден өтті. Бұл қаза – баршамыз үшін ортақ қайғы мен ауыр қасірет», – деп жазады әкім.

Полиция мәліметінше, қылмысты 2008 және 2009 жылғы екі жасөспірім жасаған болуы мүмкін. Қостанай облысы полициясы қылмыстық кодекстің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша іс қозғаған.

Қылмысты жасаған күдіктілер анықталып, ұсталған. Қазіргі таңда өлімнің себептерін анықтау үшін барлық тергеу-құқықтық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл іс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қостанай облыстық полиция департаментінің бақылауында.

«Тобол Инфо» қайтыс болған жігіттің 2006 жылы туғанын жазды.