
Енді депутаттар министрді қызметінен босатуға әсер ете алуы мүмкін. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров осындай ұсыныс айтты.
Депутат түсіндіруінше, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау, бекіту Құрылтайдағы депутаттардың құзыретінде болмақ. Егер есепті бекітпесе, Үкіметке сенімсіздік деп саналады.
Сондай-ақ депутаттар үкімет мүшесін яғни министрлерді орнынан босату құзыретіне ие болады.
«Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен ҚР Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есебін тыңдауы, республика заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдаудың қорытындысы бойынша ҚР Президентіне Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы мәлімдеме қабылдау құқықтары тиісті жекелеген нормада нақтыланды. Мұндай жағдайда ҚР Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады», – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Жиында Нұрлан Бекназаров сыбайлас жемқорлықпен ұсталған адамдардың сайлау құқығын шектеуді де ұсынған еді.