
Жемқорлыққа қатысы бар деген тұлғалардың сайлау құқығын шектеу туралы норманы Конституцияға бекіту керек. Бұл жайлы Конституциялық кеңестің отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров айтты.
Депутаттың сөзінше, сотты болғаны алынбаған немесе жойылмаған азаматтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жасағаны сотпен дәлелденген адамдарды сайлану құқығынан айыру керек.
Сондай-ақ сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған тұлғалар және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар да сайлау мен референдумға қатыспауы керек.
«Заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған азаматтардың сайлану құқығы болмауға тиіс», – деп атап өтті депутат.
Нұрлан Бекназаровтың сөзінше, бұл норма қоғамның тілегіне сай келеді және мемлекеттік қызметке үміткерлерге деген талапты қатаңдатады.
Кеңес кезінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев та ұсынысын айтты. Оның сөзінше, президент судья, аудиторлық палата мүшелері тәрізді негізгі кадрларды тағайындағанда Құрылтайдың келісімін алуы мүмкін. Ал Құрылтай президент ұсынған үміткерлер тағайындаудан қайта бас тартса, мемлекет басшысы оны таратып жібере алады.