
Елде вице-президент лауазымына тағайындалған азамат қандай да бір саяси партияға мүше болмауға тиіс.
Сондай-ақ депутат бола алмайды, басқа да лауазымды қызмет атқара алмайды. Кәсіппен айналысуға да тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.
Сөзінше, бұл өзгерістер комиссияға келген ұсыныстар негізінде жасалған.
Осылайша вице-министр президент тапсырмасы бойынша биліктегі негізгі институттармен жұмыс істейді, азаматтық қоғам, ғылыми және мәдени қауымдастықпен байланысты дамытуға міндетті болады.
«Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі. Бұл мемлекеттік биліктің барлық институтының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент президент өкілеттігін қабылдай алмайтын болса, бұл өкілет Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Құрылтай төрағасы да президент өкілеттігін қабылдай алмаған жағдайда, олар премьер-министрге беріледі», – деді әділет министрі.
Президент өкілеттігін қабылдаған тұлға оған дейін атқарған қызметін тоқтатады.
Айта кетейік, вице-президентті ел президенті Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысымен берілген келісімі негізінде тағайындайды.