
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева қазақстандықтардың құқықтарына қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Депутат азаматтардың бейбіт жиындар өткізу құқығы туралы бапқа нақтылаулар енгізу ұсынылып отырғанын мәлімдеді.
«Заңмен оны пайдалануды шектеуге болатын негіздер кеңейтіледі. Мақсаттар тізіміне конституциялық құрылымның негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесін қорғау енгізіледі. Бұл өзгеріс жиналыс еркіндігін қоғамдық және мемлекеттік мүдделермен теңгеру кезінде құқықтық айқындықты күшейтуге бағытталған», – дейді Имашева.
Имашеваның сөзінше, шығармашылық еркіндігі туралы бапқа да түзетулер ұсынылған. Онда зияткерлік меншікті қорғау мәселесі бекітіліп, ақпаратты тарату мемлекеттік құпияны құрайтын деректерден басқа барлық заңды тәсілдермен жүзеге асырылатыны нақтыланады.
Конституциялық шектеу
Сонымен қатар сөз бостандығына қатысты қосымша нормалар енгізу көзделіп отыр.
«Қосымша конституциялық шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, сөз бостандығы өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесіне, қоғамдық тәртіпке қол сұқпауы тиіс. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты, соғысты және араздықты насихаттауға әрі соған арандатуға тыйым салынатын әрекеттер тізімі кеңейтіледі. Цензураға тыйым салу дербес кепілдік ретінде сақталады», – дейді депутат.
Бұған дейін президенттің Құрылтайды қандай жағдайда тарата алатыны айтылды.
Енді депутаттар министрді қызметінен босатуға әсер ете алуы мүмкін. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров осындай ұсыныстарын айтты.
Ал вице-президент лауазымына қойылатын талаптарды мына жерден оқи аласыздар.