
Желіде айтыскер-ақындар – Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан және Балғынбек Имаштың онлайн-айтысы қызу талқыға түсті. Табан асты пайда болған жаңа формат айтысты сағынған жұртшылыққа ерекше ұнады.
Әлқисса, осыдан бірнеше күн бұрын Жандарбек Бұлғақов әнші Yenlik-тің әндерінің мәтінін сынға алған еді. Осыдан соң желіде пікір екіге бөлініп, бірі айтыскерді жақтаса, енді бірі «қызға тиіскенше басқа мәселені көтермей ме» деп қарсы шығып жатты. Бұл шуға тәжірибелі айтыскер Балғынбек Имаш қосылып, інілеріне тоқтау айтып, видео түрінде жауап берген еді. Айтыста да әннің әуезіне салып, сөз табатын ақын бұл жолы Еңліктің стиліне салып, рэп форматында орындады.
Екі күн бұрын желіге жүктелген әлгі жолдаудан кейін Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан жауап ретінде әзіл-қалжыңы аралас жыр жолдады. Ақындардың тапқырлығы сонша, дау басталған тақырыпқа сәйкес халық әні «Бипылға» салып орындап шықты.
Әрмен қарай Балғынбек Имаштың Аман Тасығанған берген сұхбатынан үзінді көрсетіп, жас әнші Баянсұлудың әніне салып жыр жолдайды.
Осы постың астына оқырман «Заманауи айтыс жалғаса берсін» десті. Көп күттірмей бұған Балғынбек ақын кері жауап берді. Бұл жолы ол Алтынбек Тәшімбетовтың әніне салды. Осы онлайн-айтысқа Айнұр Тұрсынбаеваның қосылғанын қалаған болса керек, ақын інілерінің қалжыңа қарсы тұру үшін өзінің «сүйікті» қарсыласы Айнұрдан көмек сұрады:
Қайта жанданған айтыс бәріне ұнағанға ұқсайды. Бәрі енді Айнұр Тұрсынбаеваның жауабын күтетінін жарыса жазып жатыр. Бұған Айнұр «Енді маған сен бір елессің, менен басқа кімге керексің» деп әзілдеді. Ал белгілі айтыскер Мұхамеджан Тазабек болса: «Бәкең – ауыр артиллерия! Айнұр – алыстан ататын баллистикалық зымыран! Үлкен сөз майданы басталып жатыр екен», – деп пікір қалдырды.