
Президент негізгі кадрларды тағайындау барысында Құрылтайдың (жаңа парламент – ред.) келісімін алуы мүмкін. Мұны Конституцияға бекіту ұсынылып отыр.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев президенттің қандай жағдайда Құрылтайды тарата алатынын да айтты.
«Президент Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысы арқылы Қазақстанның премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін қызметке тағайындайды», – деді әділет министрі.
Алайда Құрылтай осы лауазымға тағайындауға келісім беруден қайта бас тартса, президент Құрылтайды тарата алады.
Айта кетейік, елдегі жаңа парламент «Құрылтай» деп аталатын болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты маманы Қайрат Ғабитханұлы «құрылтай» сөзінің шығу тегіне талдау жасаған.