Жаңалықтар

Қазақстандағы топ-20 стартап рейтингі жасалды

фото: коллаж Kursiv Media

National Business Kazakhstan редакциясы Қазақстандағы алдыңғы қатардағы стартап-компаниялардың рейтингісін жасап шықты. Редакция тілшілері соңғы үш жыл ішінде қазақстандықтар елде немесе шетелде құрған компаниялар, тартқан инвестициясы жайлы ақпаратты жинақтап, олардың ішіндегі ең ірілерін таңдап алған.

Жалпы рейтингке 20 компания кірген. Олардың соңғы үш жылда тартқан инвестиция көлемі – 140 млн доллар.

Тізімдегі компанияның 20%-ын Республикалық физика-математикалық мектеп түлектері құрған. 20 компанияның тек үшеуінің ғана негізін қалаушы – әйелдер, бірақ үшеуі де көшбасылар қатарында тұр.

Higgsfield AI пен CodiPlay

Тағы бір қызық жайт. Кәсіпкерлер негізінен Алматы, Шымкент, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан. Ал компаниялардың көпшілігі шетелде құрылған немесе толығымен тек сыртқы нарық үшін жұмыс істейді. Негізінен денсаулық сақтау, фармацевтика, білім беру саласын қамтиды.

Тізімдегі бірінші орында – тұңғыш отандық unicorn Higgsfield AI компаниясы. Оның негізін қалаушы Ерзат Дулат және ресейлік Алекс Машрабов. Компания арнайы ЖИ платформа жасап шығарған, ол сіздің сұрауыңызға қарай видео дайындап береді. Нарықтық құны 1.3 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Бұл стартап жайлы Kursiv.Media жазған еді.

Екінші орында – балаларды бағдарламалауға үйрететін CodiPlay платформасы. Негізін қалаушы – Шығыс Қазақстан тумасы Жанәділ Талдыбаев. Компания нарықтық құны – 100 млн доллар. Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Таяу Шығыста клиенттері бар.

Үшінші орында – Орталық Азиядағы Smart City және AdTech салаларының көшбасшысы деп саналатын Citix компаниясы. Негізін қалаушы – кәсіпкер Яна Шойбекова. Компания ақылды көше гаджеттерін жасайды.

Бұдан бөлек тізімге спорт орталықтарының агрегаторы 1Fit, ЖИ арқылы медициналық диагностика жасайтын  Cerebra AI және Санжар Тайжанның энергияны сақтау технологиясы бойынша жұмыс істейтін  TaiSan компаниясы енген.

Рейтингпен толық мына жерден танысуға болады.