Жаңалықтар

Қостанайда теміржолға шыққан оқушылардың кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылды

Бұл әрекет «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызын шұғыл тежегіш қолдануға мәжбүр еткен / railways.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров
Бұл әрекет «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызын шұғыл тежегіш қолдануға мәжбүр еткен / railways.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қостанай облысында теміржолға шыққан оқушылардың кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылды. Сот баланың анасын жазалады.

Наша газета ақпаратына қарағанда, іс кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі ата-ана міндеттерін орындамау бабы бойынша қаралды.

«Сот азаматша Р.-дың 15 жастағы ұлына тұрмыста және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үйретпегенін, сондай-ақ оның бойында моральдық әрі адамгершілік құндылықтарды қалыптастырмағанын анықтады», – делінген сот мәліметінде.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылғы 9 қаңтарда кәмелетке толмаған Р. өзге балалармен бірге теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.

Бұл әрекет «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызын шұғыл тежегіш қолдануға мәжбүр еткен. Қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндірген. Мұндай жағдай ауыр салдарға, соның ішінде пойыздың апатқа ұшырауына әкелуі мүмкін еді.

Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы Р. әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айта кететін жайт, енді пойызға пышақ секілді суық қару алып өткен жолаушылар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.