
Ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелер әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Соның салдарынан пәтерді толықтай ипотека арқылы сатып алу оның нақты бағасынан әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Сол себепті адамдардың көбі балама жолды іздеп, пәтерге өз бетімен ақша жинауды немесе ипотека рәсімдемес бұрын қажетті соманың едәуір бөлігін жинағанды жөн көреді. Әрине, мұндай тәсіл уақыт пен қаржылық тәртіпті талап етеді, десе де бұл миллиондаған қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Banki.ru сарапшылары «алдымен жинап, кейін сатып алу» стратегиясы қай кезде ипотекаға қарағанда тиімді болатынын, табыс аз болса да қалай ақша жинауға болатынын және қандай қателіктерден сақтану қажет екенін талдап шықты.
Қай кезде ипотека алғаннан гөрі жинаған тиімді
Ақша жинау тәсілі барлығына бірдей қолайлы емес, алайда кейбір жағдайларда ол ипотекалық несиеге қарағанда әлдеқайда ақылға қонымды әрі қауіпсіз шешім бола алады. Ең алдымен, бұл тұрғын үй мәселесі шұғыл шешуді қажет етпейтін адамдарға қатысты. Егер адам өз пәтерінде, қызметтік баспанада немесе туыстарының үйінде жалдау ақысыз тұру мүмкіндігіне ие болса, оларда міндетті ай сайынғы төлем болмайды. Мұндай жағдайда қаржы банкке пайыз төлеуге емес, нақты мақсатқа жұмыс істей бастайды.
Екінші маңызды фактор – ипотеканың жоғары пайыздық мөлшерлемесі. Егер ол 15 пайыздан асса, артық төлем пәтердің өз құнынан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Көптеген қаржылық есептер мұндай жағдайда жылдар бойы пайыз төлеуден гөрі ақша жинаудың тиімді екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, жинақтау стратегиясы тұрақты табысы бар және баспана бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді өңірлерден үй алуды жоспарлаған адамдар үшін тиімді. Мұндай жағдайда қажетті соманы бірнеше жыл ішінде жинап алу әбден мүмкін.
Ипотекадан айырмашылығы бұл жерде айыппұл, төлемді кешіктіру немесе баспанадан айырылып қалу қаупі жоқ.
Табысы төмен болса да пәтерге қалай ақша жинауға болады
Тіпті жалақы жоғары болмаса да, ақша жинауға жасауға болады. Ол үшін қаржыны саналы әрі жүйелі түрде басқару маңызды.
Көбіне мәселе табыстың көлемінде емес, шығындардың құрылымында жатады. Тамақ жеткізу, алып кететін кофе, түрлі жазылымдар мен жоспарсыз сатып алулар сияқты ұсақ, бірақ тұрақты шығындар уақыт өте келе бюджеттiң едәуір бөлігін «жеп қояды». Мұндай шығындарды қысқарту алғашқы кезеңнің өзінде-ақ нақты нәтиже береді.
Жинақтауды жеңілдету үшін мамандар мыналарды ұсынады:
- ірі және маусымдық шығындарды алдын ала жоспарлау;
- импульсивті сатып алуларды шектеу;
- қаржылық шаршаудың алдын алу үшін аздаған шектеулер мен қарапайым қаржылық челлендждерді қолдану.
Жинақты жылдамдатудың тағы бір жолы – табысты арттыру. Қосымша жұмыс, фриланс немесе біліктілікті көтеру табысты 10–30 пайызға дейін көбейтуі мүмкін. Егер бұл қаражат күнделікті шығындарға жұмсалмай, толықтай жинаққа бағытталса, мақсатқа жету айтарлықтай жақындайды.
Сонымен қатар мақсатты психологиялық тұрғыдан дұрыс қабылдау маңызды. Үлкен соманы кезең-кезеңге бөліп жоспарлау қажет. Мәселен, алдымен қаржылық қауіпсіздік қорын құру, кейін ай сайынғы жинақты ұлғайту, соңында сатып алу мерзімін белгілеу – мотивацияны сақтауға және жоспардан таймауға көмектеседі.
Ақшаны қалай дұрыс жинақтау керек
Жинақтың шын мәнінде нәтиже беруі үшін оны «қалған ақшадан» емес, нақты жүйе бойынша қалыптастыру қажет.
Мамандар ең алдымен мақсат пен мерзімді нақты белгілеуді ұсынады. Одан кейін қолданыстағы қарыздарды жабу маңызды, өйткені несиелер бойынша пайыздар жинақтауға деген кез келген әрекетті жоққа шығаруы мүмкін.
Негізгі қағидалардың бірі – «алдымен өзіңе төле» ережесі:
- табыс түскен бойда белгілі бір соманы жинаққа бөлу;
- эмоцияға тәуелді болмау үшін автоматты аударымды баптау;
- жинақты міндетті төлем ретінде қабылдау.
Сонымен қатар шығындарды бақылап, жиналған қаражатты инфляциядан қорғау маңызды. Ол үшін ақшаны жинақ шоттарында немесе депозиттерде сақтау ұсынылады. Қосымша ретінде қарапайым әрі тиімді жинақтау тәсілдерін қолдануға болады:
- кез келген табыстың 10%-ын жинау;
- соманы біртіндеп арттыру әдісі;
- табысты 50/30/20 қағидасы бойынша бөлу;
- ұсақ шығындарды автоматты түрде жинаққа аудару.
Осылайша, 2026 жылы ипотекасыз пәтерге ақша жинау мүмкін болады.