Жаңалықтар

Испания 500 мың заңсыз мигрантқа жұмыс істеуге рұқсат береді

Испания заңсыз мигранттар
фото: shutterstock

Испания билігі сейсенбі күні 500 мың заңсыз мигрантты заңдастыру жөнінде шешім қабылдады. Елге шамамен 300 мың жұмыс күші қажет. Бұл туралы Kursiv.Media CNN мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

«Бүгін біздің еліміз үшін тарихи күн. Біз адам құқықтарына, интеграцияға, бірге өмір сүруге және экономикалық өсім мен әлеуметтік келісім мен үйлесімділікке негізделген көші-қон моделін құрып жатырмыз», – дейді Испания көші-қон министрі Эльма Саиз.

Оның пікірінше, елге заңсыз жолмен кірген мигранттарды заңдастыру Испания экономикасы үшін тиімді.

Енді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін елге кірген, Испанияда кемі бес ай тұрғанын дәлелдей алатын шетел азаматтары кез келген жұмысқа орналасуға рұқсат ала алады. Бірақ олар бұрын істі болмауы тиіс. Заңсыз мигранттар 2026 жылғы сәуірден бастап 30 маусымға дейін өтініш бере алады.

Мәліметтерге қарағанда, Испанияда шамамен 840 мың құжатсыз мигрант жүр. Олардың дені – 760 мыңы Латын Америкасынан келген.

2025 жылы испан билігі 1 млн еңбек мигрантын жұмысқа шақырған. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Италия үкіметі 2026-2028 жылдар аралығында Еуроодаққа кірмейтін елдерге 500 мың жаңа жұмыс визасын беру жөніндее шешім қабылдаған.