
Президент Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусованы құттықтады.
Белоусова Global Teacher Prize халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі ең үздік 50 педагогтің қатарына енген.
«Бұл жоғары баға – Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз – зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Global Teacher Prize – Varkey Foundation қайырымдылық ұйымы тағайындайтын, жыл сайын берілетін халықаралық мұғалімдер сыйлығы. Ол педагогикалық мамандыққа, сондай-ақ өз оқушылар өміріне елеулі үлес қосқан үздік ұстаздарды мойындау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл сыйлықты «мұғалімдерге арналған Нобель сыйлығы» деп те атайды. Жеңімпазға 1 000 000 АҚШ доллары табысталады.