Жаңалықтар

«Сынауға болады, қорламау керек»: Имашева сөз бостандығы жайлы ұсынысын түсіндірді

Снежана Имашева
фото: Конституциялық реформа 2026 телеграм арнасынан

Конституциялық реформа туралы комиссияның екінші отырысында депутат Снежана Имашева сөз бостандығына қатысты қосымша нормалар енгізуді ұсынған еді. Бүгін мәжіліс кулуарында сол идеясын түсіндіруге тырысты.

Снежана Имашеваның сөзінше, мәселе шенеунік емес әрбір жеке адамға қатысты болып отыр.

«Сынау мен қорлауды ажырата алу керек. Мәселен, шенеуніктерді ашық сынап, оған ұнамайтын нәрсені айтуға болады. Мұны ар-намысын таптады деп айта алмаймыз. Бірақ әр күн сайын әлеуметтік желіні пайдаланатын қарапайым адамдар бар емес пе? Оларды сынамақ түгілі [әлеуметтік желілерде – ред.] тіл тигізіп, балағаттап тастайды. Ал адамның ар-намысы – ең басты құндылықтың бірі. Сондықтан бұл мәселені нақты бекіту керек», – деп түсіндірді Имашева.

Депутаттың айтуынша, егер Конституцияға ұсынылған өзгерістер ұнамаса, кез келген адам оны ашық сынауына, өз пікірін айтуға болады.

«Әлбетте, айтыңыздар, сынаңыздар, пікір білдіріңіздер. Әсіресе, сіздерге (журналистерге – ред.), сөз бостандығына қатысты болса. Егер ұсыныспен келіспейтін болса, оны алып тастайды немесе басқаша өзгереді. Бірақ, бастысы, бұл жерде сөз бостандығын қосымша шектеу туралы ешнәрсе айтылған жоқ», – дейді депутат.

26 қаңтарда Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Сол жерде мәжіліс депутаты Снежана Имашева қосымша нормалар енгізуді ұсынған. Ол сөз бостандығы өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесіне, қоғамдық тәртіпке қол сұқпауы тиіс дейді.

БАҚ өкілдерінің сөзінше, бұл норма арқылы шенеуніктерді сынауға, өткір сұрақтар қоюға тыйым салуы мүмкін.