
Еуразиялық даму банкінің өзара инвестициялар мониторингіне сәйкес, соңғы жылдары Азия елдерінен Еуразиялық өңірге құйылған инвестициялар рекорд деңгейіне жетті. Осы үдерісте Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі инвестиция қабылдаушы елдердің бірі ретінде айқын көрініп отыр.
Сарапшылар Орталық Азия инвесторлар үшін ең тартымды өңірге айналып отырғанын айтады. Соңғы жылдардағы инвестициялық динамика соның айқын дәлелі.
2016 жылдан бастап 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде Азия елдерінен өңір экономикасына тартылған жинақталған инвестициялар көлемі 2,3 есеге өсіп, 29,9 млрд доллардан 68 млрд долларға жетті.
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, Азиядан тартылған барлық жинақталған тікелей инвестицияның 57%-ы дәл осы Орталық Азия елдеріне тиесілі.
Елдер бойынша бөлгенде, инвестиция көлемі жағынан Өзбекстан алдыңғы орында – 22,6 млрд доллар. Одан кейін Түрікменстан (20,6 млрд доллар) және Қазақстан (19,3 млрд доллар) келеді. Қалған үлес Қырғызстанға (3,2 млрд доллар) және Тәжікстанға (2,4 млрд доллар) тиесілі.
Қазақстанға қанша ивестиция салынған
Қазақстан экономикасына Азия елдерінен тартылған жинақталған тікелей инвестициялар көлемі 19,3 млрд АҚШ долларын құраған.
Бұл инвестициялардың негізгі бөлігі Қытай, Парсы шығанағы елдері, Түркия және Үндістан компанияларына тиесілі. Әсіресе, соңғы жылдары Парсы шығанағы елдерінің белсенділігі күшейіп, инвестициялық өсімнің маңызды драйверіне айналды.
Сала тұрғысынан алғанда,инвестиция құрылымда маңызды өзгеріс байқалады. Егер бұрын негізгі салмақ шикізат секторына түссе, қазір өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика салалары алдыңғы қатарға шықты. 2025 жылдың ортасына қарай өңдеуші өнеркәсіп өзара тікелей инвестициялардың елеулі бөлігін құрап, өндірістік кооперацияны кеңейтуге ықпал етіп жатыр.
Сонымен қатар электр энергетикасы, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері инвестиция тартудың жаңа өзегіне айналды. Бұл Қазақстандағы электр энергиясына сұраныстың өсуімен және энергетикалық өтпелі кезеңнің жеделдеуімен тікелей байланысты.
2025 жыл Орталық Азия үшін аймақтық экономиканың сапалы жаңа деңгейге көтерілген айрықша белесіне айналды. Соңғы сараптамалық деректерге сүйенсек, өңір елдерінің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) көлемі мен оның өсу динамикасы әлемдік турбуленттілікке қарамастан, тұрақтылық пен ішкі резервтердің әлеуетін паш еткен.