
Англияның астанасы Лондонда өткен Чемпиондар лигасының 8-туры аясында «Арсенал» мен «Қайрат» ойыны алаң иелерінің пайдасына 3-2 есебімен аяқталды.
Ойын барысы
Матчтың алғашқы минуттарында лондондық «Арсенал» белсенділік танытып, ойынның небәрі 2-минутында есеп ашты.
Алайда «Қайрат» бұл соққыдан тез ес жиды. Көп ұзамай алматылық команда шабуылды үдетіп, айып алаңында ереже бұзылуына қол жеткізді. Төреші 11 метрлік айып добын белгіледі.
Пегальтиді Жоржинью сәтті орындап, есепті теңестірді. Дегенмен бірінші таймның орта тұсында Кай Хаверц мергендігімен көзге түсіп, «Арсеналды» қайтадан алға шығарды. Артынша көп ұзамай Габриэл Мартинелли гол соғып, лондондық клубтың үшінші нәтижелі соққысын тіркеді.
Екінші таймда «Арсенал» шабуылдағанмен, «Қайрат» қақпасынан саңылау таба алмады. Ойынның қосымша уақытында, 90+3-минутта қосалқы құрамадан шыққан «Қайрат» шабуылшысы Рикардиньо есеп айырмасын қысқартты.
«Арсенал» қақпасына екі гол салған жалғыз команда
Айта кетейік, Чемпиондар лигасындағы негізгі кезеңінде Арсеналдың қорғанысы ең мықты ұжым болды. Бұған дейінгі 7 ойында лондондықтар бірде-бір ойында жеңілмей, тек «Бавария» мен «Интер» командаларынан бір-бір голдан ғана жіберген еді. Осылайша алматылық команда Чемпиондар лигасы аясында «Арсенал» қақпасына екі гол соққан алғашқы ұжым атанды.
«Қайрат» 7 түлегін алаңға шығарды
«Қайрат» үшін бұл турнирдегі соңғы ойын болды. Тарихи кездесуде «Қайрат» академиясының жеті түлегі алаңға шықты. Атап айтқанда: Темірлан Анарбеков, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Лев Кургин, Дамир Қасаболат, Әділет Садыбеков және Рамазан Бағдат.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайраттың» жұлдызды қақпашысы Темірлан Анарбеков клубпен 2028 жылға дейін келісімшартын ұзартқан еді.