Авто

АвтоВАЗ жаңартылған Lada Vesta Sport-ты таныстырды. Бағасы қанша

Фото: t.me/maximkadakov

АвтоВАЗ жаңартылған Lada Vesta Sport-тың екі түрлі нұсқасын таныстырды. Жаңа модель Тольяттиде 28-ші «Чемпиондар Гонкасы» кезінде көпшілік назарына ұсынылды.

Lada Vesta Sport – седан

Модельдің өндірісі 2023 жылдың көктемінде уақытша тоқтатылған болатын. Auto.ru басылымының ақпаратына сүйенсек, Lada Vesta Sport аса қуатты автомобиль емес. Оның қозғалтқыш қуаты бар болғаны 146 ат күшін құрайды. Бұл қуатты 1,8 литрлік атмосфералық қозғалтқыш береді. Жұмыс істейтін беріліс қорабы – алты сатылы механикалық.

Фото: LADA CLUB / VK

Жаңартылған Lada Vesta Sport 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 10 секундта жетеді, ал ең жоғары жылдамдығы – 192 км/сағ.

Базалық нұсқада спорттық дискілі тежегіштер, барлық орындықтарында жылыту жүйесі, кондиционер, сандық аспаптар панелі және круиз-бақылау бар.

Lada Vesta Sport алғаш рет тек седан емес, универсал кузовында да ұсынылды. Бұл модельде эксклюзивті бампер, қара радиатор торы, айна қаптамалары мен төбесі ерекше көзге түседі.

Фото: LADA CLUB / VK

Салонында ыңғайлы спорттық орындықтар орнатылған. Мұнда да аспаптар панелі заман талабына сай панелі жаңартылған. Мультимедиа жүйесі үлкен тік экранмен жабдықталған.

Фото: t.me/maximkadakov

Жаңартылған Lada Vesta Sport сатылымы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында басталады деп күтілуде. Бағасы – 35 500 доллардан (17,8 млн теңге) басталады.

Еске салайық, Lada Largus Қазақстанда қайтадан өндіріле бастайды. «ҚазСтандарттың» ашық дерекқорындағы мәліметке сәйкес, ресейлік модель 2026 жылғы 23 қаңтарда Саран индустриялық аймағында құрастыру үшін көлік құралы түрін мақұлдау (ОТТС) құжатын алды.