
Екібастұзда «Богатырь Көмір» көмір өндіруші компаниясының жұмысшысы қайтыс болды. Жазатайым оқиға суару қондырғысына жанармай құю кезінде болған.
Оқиғаны компания өкілдері растады. Қазір арнайы тергеу жүргізіліп, мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдай Екібастұз көмір бассейнінің «Молодежная» станциясында болған. Ер адам ауыр жарақат алады. Ол қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, аман қалмады.
Кәсіпорын қаза тапқан жұмысшының отбасына материалдық көмек көрсетуге уәде берді.
БАҚ жазуынша, бұл «Богатырь Көмір» компаниясындағы бірінші қайғылы жағдай емес. Былтыр кәсіпорында екі қызметкер қаза тауып, тағы біреуі ауыр жарақат алған болатын. Ал 2022-2024 жылдар аралығында «Богатырь Көмір» жұмысшыларының өлімімен аяқталған кем дегенде алты жағдай тіркелген.
Еске салайық, осы күндері премьер-министр Олжас Бектенов Екібастұзда іс-сапармен жүр.
Осыған дейін өңірде ер адам абайсызда өзін-өзі өртеп жібере жаздағанын жазған едік. Оны көршілері құтқарып қалған.