Жаңалықтар

Алматыда өзіне қол жұмсамақ болған қызға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

полиция
фото: kursiv.media архиві

Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде кәмелетке толмаған оқушыға қатысты буллинг жасалды деген ақпарат бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған еді.

Алайда тергеу барысында аталған мәліметтер өз растауын таппады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, буллинг фактілері анықталған жоқ.

Осыған байланысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Қабылданған шешім прокуратурамен келісілген.

Полиция департаменті азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты, тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға шақырды.

Еске салайық, 28 қаңтар күні кәсіпкер Қанат Әміркен Алматыдағы жекеменшік QIS мектебінде оқитын кәмелетке толмаған қызының өзіне қол салмақ болғанын мәлімдеген еді. Әкесінің айтуынша, қызына сыныптастары тарапынан буллинг көрсетілген, алайда мектеп мұғалімдері бұл жағдайға тиісті деңгейде әрекет етпеген.

Оқушы қыз әлі де ауруханада жатыр, жағдайы қалыпты.