Lifestyle

Иманбек үміттенген Грэмми-2026 жеңімпаздары анықталды

Грэмми 2026
фото: ndtv.com

Лос-Анжелесте 68-рет «Грэмми» сыйлығын табыстау шарасы өтті. Бұл – музыка әлеміндегі ең беделді сыйдың бірі. Осы жолы рэпер Кендрик Ламар, Билли Айлиш пен Леди Гаганың жолы болды.

«Біз мал емеспіз»

Грэмми бойынша барлығы 95 номинация бар. Бірақ салтанатты жиында оның тек тоғызы ғана марапатталады. Ең басты номинация – «Жыл альбомы». Биыл бұл санатта пуэрториколық рэпер Бэд Банни жеңімпаз болды. Оның «Debi Tirar Mas Fotos» альбомы толығымен испан тілінде жазылған.

Сыйлығын алуға шыққан Банни ерекше сөз сөйледі. Ол Америкадағы мигранттарға қатысты саясатты, ICE иммиграциялық қызмет агенттерінің әрекетін сынады.

«Біз жабайы емеспіз, мал емеспіз, бөтен емеспіз. Біз адамдармыз және біз америкалықтармыз», – деді ол сахнада тұрып. Осы сәтте залда отырған көптеген жұлдыздар орнынан тұрып қол шапалақтады.

Кендрик Ламар мен Леди Гаганың күні

Жалпы тоғыз номинацияның бесеуін 38 жастағы рэпер Кендрик Ламар иеленді. Осы уақытқа дейін жалпы 26 Грэмми алып, көш бастап келе жатқан Jay-Z рэперді басып озды.

Екінші орында – Леди Гагга. Биыл ол «Abracadabra» әнімен жеті номинацияға ұсынылған еді, оның үшеуін иеленді.

Жалпы «Грэмми» жеңімпаздары төмендегідей болды:

  • Жыл альбомы – Bad Bunny, «Debí Tirar Más Fotos»
  • Жыл әні – Билли Айлиш, «Wildflower»
  • Жыл ән авторы – Эми Аллен
  • Үздік жеке поп-орындау – Лола Янг, «Messy»
  • Үздік би/электронды альбом – FKA Twigs, «Eusexua»
  • Үздік би-поп жазбасы – Леди Гага, «Abracadabra»
  • Үздік би/электронды жазба – Tame Impala, «End Of Summer»
  • Үздік ремикс-жазба – Леди Гага & Gesaffelstein, «Abracadabra (ремикс)»
  • Үздік вокалды поп-альбом – Леди Гага, «Mayhem»
  • Үздік рэп-ән – Кендрик Ламар және Lefty Gunplay, «TV Off»
  • Үздік рэп-альбом – Кендрик Ламар, «GNX»

 «Визуалды медиаға арналған үздік ән» номинациясында  «KPop Demon Hunters» саундтрегіндегі Golden композициясы жеңімпаз болды. Жасөпірім қыздардан құрылған музыкалық топ жайлы анимациялық фильм – 2025-тегі үздік хиттердің біріне айналды. Әсіресе, жасөспірімдер арасында ерекше танымал.

Қазақстан өнерпаздары арасынан музыкант және диджей Иманбек Зейкенов (Imanbek) «Грэммиді» иеленген еді. Былтыр екінші рет тағы ұсынылған, бірақ бұл жолы ала алмады.