
Қызылордалық 25 жастағы полиция лейтенанты Павлодар облысына келіп, әйел адамнан бір мәселені шешу үшін 550 мың теңге алмақ болған, деп хабарлайды KazInform.
Тергеу мәліметтері бойынша, Қызылорда облысының Арал қаласында жұмыс істейтін жедел уәкіл алаяқтық туралы күдіктіден жауап алу үшін Павлодарға келген. Күдіктінің анасымен сөйлесу кезінде полиция қызметкері 550 мың теңге алып, проблемаларды шешуге жәрдемдесуді ұсынған. Әйел келіскен, алайда сол күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлаған. Лейтенант пара алған кезде ұсталған.
Қылмыстық іс «Ірі мөлшерде пара алу» бабы бойынша ашылған. Жұмыстан шығарылған полицейдің адвокаты алаяқтық фактісі бойынша соттау керек деп талап етті, бірақ сот айыпталған баптың дұрыс екенін айтты.
«Қылмыстық кодекстің 366-бабының екі бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оны мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 27 миллион 500 мың теңге сомасында параның 50 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалсын», – деп оқыды үкімді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы.
Бұрынғы полиция қызметкері алты ай қамауда отырған. Бұл мерзім бұрын жасалған жаза ретінде есептелді, сондықтан ол 24 миллион теңгеден сәл астам айыппұл төлеуі керек. Жігіт «полиция лейтенанты» атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.