Авто

Қазақстан нарығына BYD көлігінің жаңа моделі шығады

BYD Seal DM-i, BYD Seal 06 DM-i, BYD, BYD Seal
фото: byd.com

Қазақстанда қытайлық BYD автокомпаниясының жаңа BYD Seal 6 DM-i көлігі ресми түрде сертификатталды. Бұл туралы «Казстандарт» базасында жарияланған Көлік құралы типін мақұлдау құжаттарынан белгілі болды.

Атауы халықаралық нұсқамен бірдей болғанымен, Қазақстан нарығына арналған модель көлемі ұлғайтылған әрі техникалық сипаттамалары жақсартылған гибридті седан болмақ.

Үлкейтілген өлшемдер

Қазақстанда сатылатын нұсқа халықаралық Seal 6 моделінен едәуір үлкен. Егер жаһандық нұсқасының ұзындығы 4830 мм болса, отандық нарыққа сертификатталған көліктің ұзындығы 4980 мм деп көрсетілген.

Ал доңғалақ базасы 2790 мм орнына 2900 мм болады. Осылайша, көлік ішкі кеңдігі бойынша Е-класс седандарымен бәсекелесе алады.

Құжаттардағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда Seal 6 атауымен іс жүзінде BYD Qin L DM-i моделі сатылмақ. Компания бұған ұқсас тәсілді бұрын Өзбекстан нарығында да қолданған.

фото: byd.com

Қазақстанға арналған нұсқалар

Біздің нарық үшін екі түрлі модификация ұсынылады:

  • Базалық нұсқа – 1,5 литрлік атмосфералық қозғалтқыш (110 а.к.) пен электромотор комбинациясы;
  • Жоғары нұсқа – 1,5T турбомоторы (154 а.к.) бар, динамикасы жақсартылған гибрид жүйе.
фото: byd.com

Батарея және жүріс қоры

Қазақстанға жеткізілетін BYD Seal 6 DM-i 17,6 кВт·сағ немесе 30,7 кВт·сағ сыйымдылықтағы батареямен жабдықталады. Бұл автомобильге электр режимінде едәуір көбірек жол жүруге мүмкіндік береді.

Жабдықталуы мен жайлылығы

фото: byd.com

Жаңа модель панорамалық шатырмен және ADAS қауіпсіздік жүйелерінің толық жиынтығымен жабдықталады.

Салонда диагоналі 15,6 дюймге дейін жететін фирмалық айналмалы мультимедиа экраны, сондай-ақ премиум материалдармен әрленген интерьер күтіліп отыр.

BYD-тің бұл жаңа моделі Қазақстан нарығында гибридті көліктер сегментіндегі бәсекені күшейтіп, кең әрі үнемді седан іздейтін сатып алушыларға жаңа балама ұсынбақ.

Бұған дейін, Шағым аз айтылатын қытайлық кроссоверлерді жазған едік.