Жаңалықтар

Министр Әлназарова донор болып, ақпанды қан тапсыру айы деп жариялады

Фото: видеодан скрин

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын – өтеусіз қан донорлығы айы деп жариялады. Осы бастама аясында елдің бас дәрігері елордадағы қан орталығына барып, донор болып, өзі үлгі көрсетті.

Бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Министрдің айтуынша, қан донорлығы – бір реттік акция емес, өмірді құтқаруға және денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған тұрақты қоғамдық қозғалыс.

Қан орталықтарында қандай шаралар өтеді

Ақпан айында Қазақстанның барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру шаралары, тақырыптық акциялар, донорлармен кездесулер ұйымдастырылып, қан орталықтарында арнайы бағдарламалар іске асырылады. Әсіресе, жастарды тартуға басымдық беріледі.

Осы бастама аясында кез келген азамат өз өңіріндегі қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсыра алады. Ең алдымен министрдің өзі қан орталығына барып, өзі донор болды.

Донорлық – мыңдаған адамның өмірін сақтайды

Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерін 250 мыңнан көп тапсырады. Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді.

Еске салайық, 2025 жылы қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация саны 2,6 есеге көбейген.