
Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде жазба жариялап, қарындасының өзі тіккен пальтосын көп киіп үлгермегенін айтты.
Ағасы Нұрайдың ешкімге қиянаты жоқ адал адам болғанын, қарындасының жоқтығына сену әлі де қиын екенін жазды.
«Нұрайдың қолы алтын. Нұрай осы пальтосын өз қолымен тіккен болатын. Өкінішке қарай, жаңа туындысын көп киіп үлгерген жоқ. Өте өкінішті. Не үшін дүниедегі ең таза адамның жолы осылай аяқталды? Не үшін? Біреудің жолын кесуден, біреуге зиян тигізуден алшақ жүретін жанды осылай қорлауға болады ма? Жұмсақ, нәзік гүлдің тағдыры осындай болды дегенге сене алмаймын, жәй ғана сене алмаймын… Кешірші мені Нұрай…», – деп жазды Сұлтан Серікбай.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні кешке Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетті. Бірақ арада екі күн өткенде ұсталды.
Қыздың туыстарының айтуынша, жігіт 2025 жылдың қазанында Нұрайды алып қашқан. Оған қыз да, отбасы да көнбеген. Содан кейін отбасы полицияға арызданған, бірақ күдікті енді маңына жолмайтынына уәде берген соң, Нұрай Серікбай кешірім берген. Бірақ кейін қыр соңынан қалмай қойған.
ІІМ кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді бақылауға алды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.