Lifestyle

Роза Рымбаева концертінен түскен табысты мүгедек балаларды қолдауға жібереді

Роза Рымбаева не стала ждать опоздавших гостей на тое
Роза Рымбаева концертінен түскен табысты мүгедек балаларды қолдауға жібереді / Фото: Instagram

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Алматыда өтетін концертінен түскен табысты мүгедек балаларды қолдау үшін жібереді. Бұл туралы ол Youtube-тегі Тимур Балымбетов арнасына берген сұқбатында айтты.

7 ақпанда Алматыдағы Республика сарайында Роза Рымбаева сахнада ән айтып жүргеніне 50 жыл толуына орай мерейтой концерт бермек. Осы концерттен түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсауды жөн көрген.

«Бұл концертімізде түсетін ақшаны да қайырымдылыққа жұмсаған жөн көріп отырмыз. Мүгедек балаларды қолдауға жібереміз. Билеттен түскен ақша олардың шотына аударылады. Осындай игі жасайтын мүмкімдігіміз барына шын қуаныштымын», – деді әнші.

Ол өзінің өнерге қалай келгені, марқұм жары Тасқын Оқапов қарым-қатынасы, билікпен қатынасы туралы сөз қозғады.

«Осыған дейін мен бір әртіс туралы «оның жолы болды» деген едім. Сол сияқты менің де жолым болды. Мені Тасқын сахнаға жетектеп алып келді. Ән айтудан басқа ешнәрсе қолымнан келмейтін. Ол көрерменмен тілдесуді, сахнада өзіңді ұстау мәдениетін, сахналық образ жасауды үйретті. Сондықтан менің де жолым болды», – деді Рымбаева.

Бұған қоса, Дінмұхамед Қонаевтың үйінде ән айтқанын, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде болғанын еске алды.

«Бір рет Дінмұхамед Ахметұлының үйінде болдым. Ол биліктен кеткеннен кейін туған күніне орай болған дастарханда оған ән айтып бердім. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының бір рет қабылдауында болдым. Ол маған көмек қолын созуға дайын екенін айтты. Бірақ ешнәрсе сұрамадым», – деді әнші.

Осыған дейін Роза Рымбаева бұл кештің үлкен сахнадағы соңғы концерті болуы мүмкін екенін де айтқан еді.