
Тараз қаласында Жаңа Жамбыл фосфор зауытында екі жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Kursiv.Media ҚазАқпарат мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Агенттіктің дерегінше, жұмысшылардың бірі ыстық жыныстың сыртқа төгілуінен көз жұмса, тағы бір адамды тыңайтқыш шығаратын зауытта ауыр жүк көлігі басып кеткен. Екеуі де «Қазфосфат» компаниясы құрамына кіретін кәсіпорындарда болған.
Қайғылы оқиғаның бірі 29 қаңтарда Жаңа Жамбыл фосфор зауытында тіркелген. №5 цехта пешпен жұмыс істеу барысында ыстық жыныс сыртқы төгілген. Агенттік мәліметінше, тағы үш адам сары түсті ыстық фосфорға күйіп қалған. Үшеуі де қалалық ауруханаға түскен.
Жұмысшылардың бірінің денесінің 45%-ы химиялық заттармен күйіп қалғаны мәлім болды. Жансақтау бөліміне түскен науқастың жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалады. Медицина қызметкерлері қанша тырысқанымен, ер азамат ауруханада жан тапсырды.
Тағы бір қайғылы оқиға тыңайтқыш шығаратын зауытта болған. Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісін БелАЗ самосвалы басып кеткен. Ер азамат сол жерде қаза тапқан. Қайғылы оқиғаны полиция тексеріп жатыр.
«Қазфосфат» компаниясы кәсіпорындардағы кісі өліміне қатысты ешқандай мәлімет таратпады.